
Ақмола облысында жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. «Жастар-ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде «Заң және тәртіп» нарративі аясында студенттерге арналған шара өткізілді.
Кездесуге колледж директоры Серікхан Жеңісұлы Тұраров, Жастарға қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Мақпал Мұхтарқызы Жанарисова, Көкшетау қалалық ПБ қылмыстық полиция бөлімінің аға жедел уәкілеттісі, полиция аға лейтенанты Тимур Қалиханұлы Бажиров, ювеналды полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мирас Қонысбайұлы Шакимжанов, Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Данияр Айбекұлы Айдарханов қатысты.
Шара жастарға құқықтық сауаттылықты түсіндіру, зиянды әдеттердің алдын алу, интернеттегі қауіптерден сақтандыру және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етті.
Шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға нақты деректер мен мысалдар арқылы заң бұзушылықтың салдарын түсіндірді.
«Жастар көбіне ұсақ құқық бұзушылықтың салдары болмайды деп ойлайды. Бірақ заң барлығына ортақ: 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал әкімшілік жауапкершілік одан да ерте келеді. Мысалы, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес, ұсақ бұзақылық үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл – елеусіз деп санайтын әрекеттердің шын мәнінде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін көрсетеді» – деді Ювеналды полиция инспекторы Мирас Шакимжанов.
Ол сондай-ақ интернеттегі қауіпті контент, кибербуллинг пен құмар ойындарға қатысты нақты мысалдар келтіріп, жастарды өз әрекеттеріне жауапты болуға шақырды.
«Жыл сайын жастарды интернет арқылы есірткі бизнесіне тарту фактілері анықталады. Есірткіні тұтыну ғана емес, оны сақтау немесе тарату үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл – болашағыңызға балта шабатын қадам» – деп атап өтті Полиция майоры Данияр Айдарханов.
Шара соңында колледж директоры Серікхан Тұраров жастарға айтылған ақпаратты тек өздеріне ғана емес, достары мен жақындарына да жеткізіп жүрудің маңыздылығын атап өтті. «Заңды құрметтеу – болашағыңды қорғау. Әрқайсыңыздың таңдауыңыз Қазақстанның ертеңін айқындайды» – деп колледж директоры сөзін аяқтады.