67b2eb70-97cd-4cef-adac-eba0ad09e45f

2025 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл — ұлт руханияты үшін айтулы белес, тарихи сәт. Абай тек ақын ғана емес, ол — қазақ қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер тұлға, адамзаттық биік мұраттарды жырлаған ұлы ойшыл.

Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы еліміздің әр аймағында кеңінен аталып өтуде. Біздің қаламыз Степногорскіде айтулы шаралардан қапы қалмады. 2025 жылғы 23 мамыр күні қала кітапханасында “Артық білім – кітапта” атты танымдық кездесу өтті. Бұл кездесудің модераторы – Ұлт ұйытқысы қоғамдық қорының президенті Жарқынбек Жұмәділ болды. Іс-шараға қоғам, өнер және мәдениет өкілдері қатысты. Атап айтқанда,  ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбайқызы; халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, әнші Айнұр Қажымоллақызы; Қытай мемлекетінің ең үздік тележүргізушісі байқауының жеңімпазы Жұлдыз Тайманқызы; Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі Серікжан Ысқақбек; дәстүрлі әнші Берікбол Дүйсенбайұлы; жас әнші Нұржаз Толқынқызы секілді белгілі тұлғалар қатысып, Абайдың шығармашылығы жайлы өз пікірлерін білдіріп, тың дүниелерімен бөлісті. Кездесу жылы әрі мазмұнды рухани отырысқа ұласып, әр қонақ Абай әлемінен алған әсерімен, шығармашылығынан туған шабытпен бөлісті. Жиынның жалғасы ретінде Степногорск қаласының мәдениет үйінде “Құлақтан кіріп, бойды алар” атты ән кеші ұйымдастырылды. Кеште өнер иелері Абай әндерін орындап, қала тұрғындарына ұмытылмас рухани сый жасады.

b2413521-c634-4470-99ae-ad8e2c2e9c40

Абай Құнанбайұлы – ұлттық сананы жаңғыртушы, болашаққа бағдар беруші тұлға. Оның 180 жылдығын атап өту – ұлы мұраны дәріптеу ғана емес, сонымен қатар бүгінгі ұрпаққа ой салу, ертеңгі күнге жол көрсету. Абайды оқу – өзін тану, Абайды тану – елді тану. Степногорск қаласында өткен рухани кештер – осы мақсаттағы елеулі қадам. Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы бола бермек