97cc1a46-60ee-4c57-ba4f-d1a4bf1c4625

Степногорск қаласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жаңа «Айбын» спорт залы пайдалануға берілді. Ангарлық үлгідегі нысанның құрылысына 173 млн теңге бөлініп, бір жылдың ішінде аяқталды.

Ашылу салтанатында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов спорт инфрақұрылымының жастар үшін маңызын атап өтті:
«Мұндай нысандарды салу – тек инфрақұрылымды дамыту емес, бұл – жастарымыздың болашағына салынған инвестиция», – деді өңір басшысы.

«Қазақстан халқына» қоры Ақмола облысында жалпы құны 12,8 млрд теңге болатын 26 қайырымдылық жобасын іске асырған. Олардың ішінде денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт пен әлеуметтік қолдау салалары бар. Мәселен, «Лыжня в село» жобасы аясында мектептерге кәсіби шаңғы жабдықтары алынып, 1,5 мыңға жуық спортшы қамтылды. Сондай-ақ Степногорскідегі №3 арнайы мектеп-интернаты 33 млн теңге грант ұтып алып, оқу кабинеттерін заманауи құралдармен жабдықтады.

Жаңа «Айбын» спорт залы – қала тұрғындары үшін салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайтын маңызды әлеуметтік жоба.