
Жолдар мен инфрақұрылым
Биыл қалада ірі жол жөндеу жобалары жүзеге асуда. Новосибирская көшесін қайта жаңартуға жалпы 1,77 млрд теңге бөлініп, аяқтау жұмыстарына 45,4 млн теңге қарастырылған. Ал Степная көшесін қайта жаңартуға 781,5 млн теңге бөлініп, биыл 10,4 млн теңгеге аялдамалар мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.
Жалпы құны 275 млн теңгеге жол жөндеу шарттары бар. Негізгі учаскелер – Қазақстан көшесі, 1 және 7 шағын аудандар, Новосібір мен Бейбітшілік көшелерінің қиылыстары. Сонымен қатар, шұңқырДЫ жөндеу жұмыстары Бейбітшілік көшесінде аяқталып, Республика даңғылы мен Парковая көшесінде жалғасуда. Жыл соңына дейін 5 мың м² жол жамылғысы төселетіні белгілі болды.
Абаттандыру және қала келбеті
Ұлы Отан соғысы мен шекарашылар ескерткіштерін жаңартуға 34,7 млн теңгеден жұмсалды. Қалада 13 тұрғын үйге сәндік жарықтандыру орнату, шамамен 4 км тротуар жарықтандыру тіректерін орнату көзделіп отыр. Бұл жұмыстар бірінші кезекте бірінші және сегізінші мектептер маңында жүргізілуде.
Алтыншы шағын ауданда спорт және балалар алаңдарын қалпына келтіру басталды. Сондай-ақ, 5 және 6 шағын аудандарда 3 арнайы аумақ (иттер серуендетуге және эстрадалық іс-шараларға) маусым айында дайын болады. Қаланың 4 ауласын абаттандыру жоспарда бар, олардың кейбіреуіне шарттар жасалған, қалғандары бойынша конкурстық рәсімдер жүруде. “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында тұрғындар дауыс беру арқылы 7-шағын аудандағы 33 және 36 үйлер арасындағы ауланы жеңімпаз деп анықтады.
Тазалық пен қоқыс мәселесі
Қала бойынша 180 дана қоқыс жәшігі мен дүңгіршек сатып алынды. Қоқыс мәселесі күрделеніп тұрған шақта, 20 000 м³ (немесе 16 970 тонна) қоқыс шығару үшін шарт жасалды. Қаланың тазалығын жақсарту мақсатында 95 жабық контейнерлік алаң орнату жоспарланған. Бұл мақсатқа 157 696 мың теңге бөлініп, оның 80 700 мың теңгесі игерілу сатысында.
Көгалдандыру және жасыл желек
Жыл сайын 6 000 ағашты санитарлық кесу және қалыптастыру көзделіп, көктемде оның 50%-ы орындалды. Сонымен қатар, стела мен зираттар бойына 1600 түп ағаш, ал жалпы 2,5 мың м² аумаққа гүлдер отырғызылды. Суару жұмыстары 1 қазанға дейін жалғасады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында 250 жол белгісі, 300 “жылдамдық соққысы”, 8 строб шамы орнатылып, 4 140 м² бояу және 3 600 м² суық пластикпен жол таңбалары сызылды. Мешіт маңында Бейбітшілік көшесінде 3,1 млн теңгеге проекциялық жаяу жүргінші өткелі орнатылады.
Сумен жабдықтау және кәріз жүйесі
“ТВНСП – Степногорск” магистральды су құбырын жаңартуға бөлінген қаражат – 9,16 млрд теңге, оның ішінде биыл 600,6 млн теңге игерілуде. Өткен жылы 9 км құбыр төселіп, жалпы 35,1 км құбыр салу көзделген. Изобильное ауылын сумен қамтамасыз ету жобасы да басталып, оған 630,5 млн теңге бөлінді.
Жылу беру маусымына дайындық
“Степногорск қаласының жылу желілерін қайта жаңарту” жобасы бойынша 2,12 млрд теңге көлемінде жұмыстар жүріп жатыр. Өткен жылы 7-шағын ауданда 800 метр, ал биыл 60 млн теңгеге 9-шағын аудандағы желілер жаңартылуда. Коммуналдық меншікке 99,1 км жылу желісі қабылданып, 24 км жөнделді. 2025 жылы Үкімет резервінен 5,4 млрд теңге бөлуге өтінім берілді. Сонымен қатар, “Степногор Теплотранзит” ЖШС 269 млн теңгеге 3,6 км желіні, ал “Степногор ЖЭО” ЖШС 7,5 млрд теңгеге жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Дәл осы атқарылып жатқан және болашаұта іске аспақ жұмыстар қаралып, талқыланды. Кездесу соңында қала тұрғындары көкейтесті сұрақтарын қойып, қала әкімі мен мамандар тарапынан нақты жауаптар алды. Бұл жиын Степногорск қаласында жүйелі жаңғырту мен тұрғындармен ашық диалогтың жолға қойылғанын көрсетті.