2025 жылдың 21 мамырында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев “Жайлы мектеп” ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz

Министрдің айтуынша, мектептер салу өңірлік экономиканы бірнеше бағыт бойынша дамытуға серпін береді.

“Біріншіден, құрылыс жұмыстарына жергілікті құрылыс компаниялары мен жұмысшы бригадалары тартылады, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізеді.
Екіншіден, әр жаңа мектеп – бұл ондаған тұрақты жұмыс орны: мұғалімдер, техникалық қызметкерлер. Жалпы ел бойынша жаңа мектептерді кадрмен қамтамасыз ету үшін 2026 жылға дейін 30 мыңнан астам жаңа мұғалім қажет болады”, – деді Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар, заманауи мектептің бой көтеруі елді мекеннің тартымдылығын арттырады. Өңірге жас мамандар келеді, отбасылардың көшіп кетуі азаяды, ал мектеп маңында инфрақұрылым дамиды. Бұл жоба жұмыспен қамту мен адам капиталына салынатын ұзақмерзімді инвестиция түріндегі мультипликативті әсер береді.

Бұған дейін “Жайлы мектептер” енді “Келешек мектептері” деп аталатыны хабарланған болатын. Бүгінгі күні 105 мектептің құрылысы аяқталып, тағы 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

i