
Ақмола облысы, Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Шараға 200-ден астам адам қатысып, кенттің көшелері мен қоғамдық аумақтарын тазалау жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ALTYNQALA.KZ ақпарат агенттігі.
Акцияның басты мақсаты – тек санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу ғана емес, сондай-ақ тұрғындар арасында табиғатты аялау сезімін қалыптастыру, экологиялық мәдениетті дамыту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір азаматтың туған жерін көркейтуге қосқан үлесі – ортақ игіліктің кепілі.
Іс-шараға облыстық жастар-ресурстық орталығының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, кент кәсіпорындарының өкілдері, соның ішінде «Қазақалтын» ЖШС ұжымы, шағын бизнес өкілдері, жастар, еріктілер және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты.
Қатысушылар бірлесіп кенттің аулалары мен саябақтарын, көшелерін қоқыстан тазалап, табиғатты қорғаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Мұндай экологиялық бастамалар қоғамның жауапкершілігін арттырып қана қоймай, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді.