
Ақмола облысында ауыл шаруашылығы жануарларының саулығын қорғау, қауіпті індеттердің алдын алу және ветеринария саласын цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы брифинг барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды ALTYNQALA.KZ ақпарат агенттігі.
Биыл ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 7 айда 1,9 млрд теңге немесе жоспардың 100%-ы игерілген.
Жыл басынан бері 3,8 млн бас мал мен құсқа вакцинация жасалып, жоспар толық орындалды. Сондай-ақ 666 мыңнан астам бас ірі қара малға бруцеллез және өзге де қауіпті ауруларға диагностика жүргізіліп, нәтижесінде 0,09% ғана жұқпалы ауру белгілері анықталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге төмен.
Ұсақ мал арасында да індеттің таралуы азайған. 7 айда 377 мыңнан астам сынама зерттеліп, 28 бас малдан ғана ауру анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге аз.
«Бруцеллез бойынша ахуал біртіндеп жақсарып келеді. 2024 жылмен салыстырғанда биыл ауру көрсеткіші айтарлықтай төмендеді», – деді басқарма басшысы.
Биыл Егіндікөл ауданында жылқы тұмауы тіркеліп, уақытша шектеулер қойылды. Атбасар ауданында сібір жарасы ошағы анықталып, шұғыл карантин енгізілген. Ветеринар мамандардың жедел әрекетінің арқасында індеттің таралуына жол берілмей, шектеулер шілде айында алынып тасталды.
Жыл басынан бері облыста 111 мыңнан астам ірі қара, 178 мың қой-ешкі, 13,9 мың жылқы және 11,7 мың шошқа идентификациядан өтті. Басқарма өкілдері деректер базасын нақтылау жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын атап өтті.
Ветеринария саласына цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. «ВетЛаб», «ИСЖ-мобильный», «ТөртТүлік» сынды қосымшалар арқылы мал есебі, вакцинация, қадағалау және құжат айналымы автоматтандырылып отыр. Бұл жалған деректерді болдырмауға, есептілікті жеңілдетуге және халыққа қызмет көрсетуді жеделдетуге мүмкіндік беруде.
«Жыл басынан бері облыста қаңғыбас ит-мысықтардың санын реттеуге 96,4 млн теңге бөлінген. 8 айда 4683 бас ит ауланып, олардың 1556-сы жойылды. Сонымен қатар Целиноград ауданында 5 мыңға жуық жануарға арналған заманауи паналау орнының құрылысы жоспарланып отыр», деді спикер.
Облыс аумағында ресми тіркелген 250 сібір жарасы ошағы бар. Олардың 67-сі белгілі, 183-і нақты анықталмаған. Шілде айында Атбасар ауданында жаңа бір көне ошақ табылды. Бұл бағытта арнайы жұмыс топтары құрылып, зерттеу-іздестіру жұмыстары 2026 жылға дейін жалғасады.
Биыл ветеринарлық станцияларға арналған 15 жаңа автокөлік сатып алу, инсинераторлар орнату, сондай-ақ 13 жаңа мал сою пунктін ашу жоспарланған. Сонымен бірге мамандарға 236 планшет берілмек.
Қорытындылай келе, Ақмола облысының ветеринария саласы біртіндеп жаңарып, эпизоотикалық жағдай тұрақтануда. Бруцеллез бойынша індеттің төмендеуі, сібір жарасының жаңа ошақтарын анықтау жұмыстарының жүйеленуі және цифрландыру үрдістері өңірде мал шаруашылығын қауіпсіз әрі тиімді дамытуға жол ашпақ.