Ақмола облысында 2024–2025 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл 536 мектепте 140 мыңға жуық оқушы білім алды. 5953 түлек 11-сыныпты бітіреді, олардың 347-сі «Алтын белгіге», 402-сі үздік аттестатқа үміткер.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 23 мамырда барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл сабақта оқушыларға тәрбие, құндылықтар мен қауіпсіздік тақырыптары түсіндіріледі.
Ақмолалық оқушылар биыл түрлі білім сайыстарында 257 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 57-сі – халықаралық, 175-і – республикалық жарыстардың жүлделері. Ал Үндістанда өткен робототехника чемпионатында облыс командасы күміс жүлде иеленді.
Мұғалімдер де жоғары марапаттарға ие болды. Бірнеше педагог «Құрмет» орденімен және «Үздік педагог» атағымен марапатталды.
11-сынып түлектеріне арналған соңғы қоңырау 23 немесе 24 мамырда, аттестат тапсыру рәсімі 20 маусымда өтеді. Барлық шаралар мектеп қабырғасында, қарапайым форматта өткізіледі.