
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногорск қаласына жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Жиында өңір басшысы қала дамуының оң қарқынын атап өтсе де, өнеркәсіп өндірісі мен инвестиция тарту көрсеткіштерінде артта қалушылық барын ескертті, деп хабарлайды ALTYNQALA.KZ ақпарат агенттігі.
Негізгі тақырыптардың бірі – алдағы жылыту маусымына дайындық болды. Қала әкімі Ғайдар Қасеновтың айтуынша, ЖЭО-ны жөндеуге кәсіпорын есебінен 7,5 млрд теңге бөлініп, қазан агрегаттары мен түтін мұржасы күрделі жөнделуде. Үкімет резервінен тағы 2,7 млрд теңге қарастырылып, магистральдық жылу желілері мен ішкіқалалық тарату желілері жаңартылып жатыр.
Әкім барлық жұмыстың кешенді атқарылуы қажет екенін айтты: стратегиялық нысандардағы жөндеуден бастап тұрғын үйлерге жылу жеткізуге дейінгі процестер толық қамтылуы тиіс.
Сонымен қатар, қаладағы абаттандыру мәселесі де назарға алынды. Әкім бірқатар аулаларды аралап, тазалық пен жасыл желектерді күтіп-баптаудағы кемшіліктерді сынға алды. Тиісті органдарға тұрғындарды тарта отырып, сенбіліктер ұйымдастыру тапсырылды, әсіресе Бестөбе кентінде тазалық шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
Степногорск үшін биылғы басты міндет – жылу маусымына толық дайындық пен қаланы абаттандыру. ЖЭО мен жылу желілеріндегі жөндеу, сондай-ақ тазалықты сақтау мен көгалдандыру шаралары тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.